Қазақстандықтар 2021 жылдың ақпан айында екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 59,2 келі, 2 309 алтын құйма сатып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық банктің мәліметінше, 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,74 тонна болатын 47 302 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бес салмақта сатылған. Соның ішінде ең көп сатылғаны 10 грамдық құйма.
Сатылған барлық құйманың ішіндегі оның үлесі 28% – 12 932 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма - 10 830 дана (23%) және 20 грамдық - 10 637 дана (22%), 5 грамдық – 7 235 дана (15%), 50 грамдық – 5 668 дана (12%).
Негізінен өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.
«Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 3,7 келі өлшенген тек қана 140 құйма сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болуына байланысты» - деп хабарлады Ұлттық банк.
Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт), сонымен бірге құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және қаптамасының ашылған-ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныш қаптамасы да құйма сапасының сертификаты саналады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтап, қаптамасын ашпаған дұрыс.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.