«Ресейде есепке қойылған машиналардың иелеріне Қазақстан Республикасының аумағында бас сенімхатсыз жүруге тыйым салынады». Қазақстандықтар әлеуметтік желіде ҚР Бас прокуратурасы құжатының скрин-фотосын таратуда. Алайда аталмыш ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
«Желіде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бас сенімхатсыз ресейлік автокөлікті басқаруға тыйым салу туралы қаулысы туралы ақпарат таратылуда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бас прокурор бекіткен құқықтық актілердің мәтіндері ресми сайтта жарияланған. Арандатушылыққа бой алдырмауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз», – делінген ҚР Бас прокуратурасының ресми мәліметінде.
Фейк фотосуретке мұқият қарағанда, онда орта мектептің мөрі қойылғанын байқауға болады. Сондай-ақ, мәтінде құжаттың ҚР ІІМ ресми сайтында жарияланғаны айтылған, бірақ іс жүзінде сайтта ондай хабарлама жоқ.
Фейкті жасаған адам негізге алып отырған «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңда 60-бап жоқ – олардың саны 25 қана.
Сондай-ақ, фейк мәтінінде грамматикалық және стилистикалық қателер көп.