12 қаң, 2021 сағат 09:02

Қазақстандықтар банктерге 7,36 трлн теңге қарыз

2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 трлн теңгеге дейін, яғни 10,5 пайызға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 трлн теңгеге дейін 10,5 пайызға ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,3 трлн теңгеге дейін, яғни 3,2 пайызға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар – 2,3 трлн теңгеге дейін, 27,8 пайызға өсті»,- деді Ерболат Досаев. 

Сонымен қатар ол кредиттер 2020 жылдың басынан бері ұзақмерзімді несиелердің өсуі нәтижесінде 2020 жылғы қарашаның соңында 14,65 трлн теңгеге дейін, яғни 5,6 пайызға, қысқамерзімді кредиттер 2,1 трлн теңгеге дейін, яғни 3,0 пайызға немесе 60,5 млрд теңгеге ұлғайғанын айтты. 

«Бизнестің кредиттік портфелі 2020 жылдың басынан бері 7,29 трлн теңгеге дейін, 1,2 пайызға артты. Бизнестің теңгемен кредиттері бойынша мөлшерлемесі 2020 жылғы қарашада 11,9, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,1 пайыз болды», - деді ҰБ төрағасы.