«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ mGov қосымшасы арқылы «Электрондық үкімет» порталына қосымша 12 қызметті іске қосты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған компанияға сілтеме жасап.
Таратылған мәліметке сәйкес, аталған мобильді қосымшаның көмегімен азаматтар наркологиялық, психоневрологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерден анықтамаларды ала алады. Сонымен қатар некеге тұру туралы қайталама куәлікке, әке екендігін анықтау туралы қайталама куәлікке, атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру туралы қайталама куәлікке, некені бұзу туралы қайталама куәліктерге өтініш беру мүмкіншілік бар. Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, электрондық еңбек биржасы, мекенжай бойынша тіркелген адамдар туралы мекенжай анықтамасын беру mGov қосымшасы арқылы қолжетімді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы мәлімет беруде аталған қосымша арқылы жүзеге асырылады.
«Жоғарыда көрсетілген қызметтерді ЭЦҚ-мен (электрондық цифрлық қолтаңба) қол қою арқылы немесе бір реттік SMS-пароль арқылы (ол үшін Мобильдік азаматтар базасында міндетті түрде тіркелу қажет) алуға болады. «Электрондық үкімет» мобильдік қосымшасын пайдаланып жүрген азаматтарға жоғарыда көрсетілген қызметтерді алу үшін mGov жаңарту жеткілікті», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінгі күні eGov.kz порталының мобильдік қосымшасы арқылы 62 мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді.