30 қар, 2023 сағат 17:17

Қазақстандық журналистер үшін арнайы пресс-карта енгізілуі мүмкін

Фото: Sputnik / Санат Имангалиев

Парламент Мәжілісі масс-медиа мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Бірақ БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді.

"Әзірге біз үш жыл деп қалдырып отырмыз. Сіздер 1 жылға дейін қысқартуды ұсынып отырсыздар, мен мұны қолдаймын. Екінші оқылымға дейін біз мұны құқық қорғау органдарымен талқылап, депутаттармен бірлесіп шешім қабылдаймыз", - деді Балаева мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Сондай-ақ заң жобасында журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылып отыр. Ақпарат министрі бұл норма да екінші оқылымға дейін пысықталып, талқыланатынын атап өтті.

Бұдан бөлек Балаеваның айтуынша, мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады.

Сонымен қатар журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап (ауызша, жазбаша, коментарий, ресми түсініктеме), оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгіленді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.

"Еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылады. Яғни, бұл норма жазалау принципінен бас тартып, керісінше осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асады", -деді ведомство басшысы.

Балаева заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетінін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.