24 қаз, 2020 сағат 20:15

Қазақстандық жекпе-жек шебері UFC турнирінде жеңіске жетті

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Әбу-Дабиде өтіп жатқан UFC 254 турнирінде жеңіске жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Рахмонов орта салмақта тәжіибелі бразилиялық Алекс Оливейрамен (22-8-1-2) октагонға шықты. 

Жекпе-жек үш раундқа есептелгенімен, көпке созылмады. Қазақстандық жекпе-жек шебері бірінші раундта-ақ бәсекені тұншықтыру әдісімен аяқтады.

Бұл 26 жастағы Ш.Рахмоновтың UFC жарысындағы алғашқы табысы еді. 

Осылайша ол аралас жекпе-жектен барлығы 13 кездесу өткізсе, соның бәрінде қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Ал бразилиялық спортшы аралас жекпе-жекте 10 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда UFC турнирінде бақ сынап, 18 кездесуінің 11-ін ұтқан. Бұл - оның тоғызыншы жеңілісі.

Рахмонов жекпе-жек соңында берген сұхбатында Қазақстанның туын биікте желбірету зор бақыт екендігін, кеше болған туған күніне өзінің осылайша тарту жасағанын мәлімдеді.

Әбу-Дабидегі турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы чемпион, ресейлік Хабиб Нурмагомедов (28-0) пен осы атақтан үміткер, америкалық Джастин Гэтжи (22-2) ортаға шығады.