
Маунтинбайктан Қазақсан құрамасының өкілі Денис Сергиенко Түркиядағы Dell Lago додасында үшінші орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Түркияда әлемнің мықты велоспортшылары жиналған Dell Lago жарысы мәреге жетті. Байрақты бәсекеге қатысқан қазақстандық спортшы Денис Сергиенко жүлдегерлер қатарынан көрінді.
«Мәреге бірінші болып франциялық Баптист Трунщчка жетті. Оның командаласы Уго Вейсс Денис Сергиенкодан бір минут ерте келіп, екінші орынға жайғасты. Ал қазақстандық Шаким Адилов төртінші, Темірлан Мұхамедьянов мәре сызығын алтыншы болып кесіп өтті», делінген ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, маунтинбайк – халықаралық спорт жарыстары санатына соңғы жылдары қосылған велоспорттың бір түрі. Мұнда велосипедші тау-тастардың арасында жүріп, мәре сызығына дейін түрлі кедергілерден өтеді. Бұл спорт түрі ел ішінде «тау велосипеді» аталып кеткен.
