Қазақстандық вакцинаның бірінші фазадан кейін иммунитетті сақтау көрсеткіші 100% болса, екінші фазадан кейін 96% болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық Qazcovid-in вакцинасының әсер етуі 96% деген ақпарат қаншалықты рас?», - деген тілші сұрағына Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья жауап берді.
«Біз бірінші және екінші клиникалық зерттеулердің нәтижесін сараптамадан өткізіп, бүкіл көрсеткіштерді қарастырған кезде вакцинамыздың иммунитет сақтау көрсеткіші 96%-ға сай болды. Мына жағдайды ескеру керек: бірінші фазадан кейін иммунитетті сақтау көрсеткіші 100% болса, екінші фазадан кейін 96% болса, адам саны неғұрлым көп болған сайын оның көрсеткіші соғұрлым төмендеуі мүмкін. Үшінші фазаның аяғында бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін», - деді ол.