13 мау, 2021 сағат 00:44

Қазақстандық теннисшілер Ролан Гарростың финалында жеңіліп қалды


Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық жұп финалда франциялықтар Пьер-Юг Эрбер – Николя Маюмен күш сынасты.

Франциялық жұп осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирінің финалында алты рет ойнап, соның төртеуінде жеңіске жеткен екен.

Бірінші партияда қазақстандықтар есесін жібермеді – 6:4.

Екінші сетте брейк жасаған корт иелері 3:1 есебімен алға шыққанымен, Бублик пен Голубев сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Есеп 4:4 болғанда, қазақстандықтар тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:4. Дегенмен Бублик матчқа доп бергенде, қазақстандық жұп сол мүмкіндікті пайдалана алмады – 5:5. Ақыры тай-брейкте франциялықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:1).

Шешуші, үшінші партияда есеп 3:3 болған мезетте жанкүйерлері қолдаған франциялық жұп брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 10 минутқа созылды.

Дегенмен ерлер арасында қазақстандық жұп алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жетті.