10 мау, 2021 сағат 01:15

Қазақстандық теннисші Словакиядағы турнирдің ширек финалына шықты


Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Братислава (Словакия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге бастапқы кездесуін аргентиналықтар Ренцо Оливо – Федерико Кориамен өткізді. 

Осы доданың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке 1 сағат 15 минутқа созылды. 

А.Недовесов пен Д.Молчанов бір эйс жасап, бес брейкке қол жеткізді. Қарсыластары екі брейкпен шектелді.

Қазақстандық-украиналық жұп жартылай финалға шығу үшін швейцариялық Лука Маргароли – үндістандық Шрирамбала Нараянасвамимен таласады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мысырлық Мохамед Сафватпен бірге жұптық сында Алматыда өтіп жатқан челленджер турнирінде ширек финалға шықты. Олар осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген канадалық Брейден Шнур – тайбэйлік Цун-Хуа Янды 7:6 (7:4), 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Бұл жұп ширек финалда чилилік Томас Барриос – италиялық Риккардо Бонадиомен шеберлік байқасады.

Д.Попко мен Тимофей Скатов Алматы додасында жекелей сында да өнер көрсетуін жалғастырады.