23 қыр, 2020 сағат 17:45

Қазақстандық теннисші Гамбург турнирінің ширек финалына өтті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик Гамбург ATP турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, 20 жастағы канадалық Феликс Оже-Альяссиммен күш сынасты. 

Бірінші партияда канадалық теннисші 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен А.Бублик таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті өз пайдасына жаза алды – 6:4.

Екінші партияда қазақстандық спортшы бірден алға кетті – 3:1. Содан кейін тағы бір брейк жасап, матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. 

Бәсеке 1 сағат 17 минутқа созылды.

Матч барысында канадалық теннисші қателікке жиі бой алдырса, Александр тамаша ойнап, маңызды жеңіске қол жеткізді. 

А.Бублик жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, чилилік Кристиан Гаринмен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 102-сатыдағы германиялық Янник Ханфманды 6:2, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.