10 мау, 2022 сағат 23:25

Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің финалына шықты


Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Анна Данилина Франциядағы Биаррице W60 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Данилина мен украиналық Валерия Страхова жартылай финалда бельгиялықтар Мари Бенуа – Исалин Бонавантюрмен кездесті. 

Қазақстандық-украиналық жұп 1 сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. 

А.Данилина мен В.Страхова финалда аргентиналық Мария Лурдес Карле – ресейлік Мария Тимофеевамен бас жүлдені сарапқа салады.

А.Данилина жекелей сында франциялық Люси Нгуен-Таннан 3:6, 4.6 есебімен ұтылып, жартылай финалға өте алмады. 

Елена Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен бірге Хертогенбос (Нидерланды) WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады. Олар аустралиялық Эллен Перес – словениялық Тамара Зиданшекпен өткен матчта есеп 6:1, 6:7 (6:8) болғаннан кейін бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Ерлер арасында қазақстандық Александр Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге Штутгарт ATP 250 додасының ширек финалында канадалық Денис Шаповалов – үндістандық Рохан Бопаннаға жол берді – 4:6, 6:3, 9:11. 

Михаил Кукушкин Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер жарысының ширек финалында аустралиялық Джордан Томпсоннан айласын асыра алмады – 2:6, 6:4, 3:6.

М.Кукушкин жұптық сында да аустралиялық Джон Миллманмен бірге ширек финалда ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Анри Паттеннен жеңіліс тапты – 3:6, 2:6.