01 қар, 2019 сағат 14:26

Қазақстандық суретші The London Ultra үздігі атанды

Ұлыбританияда қазақстандық суретші Үрия Джурик The London Ultra арт-инсталляциялар көрме-байқауында бас жүлде мен ақшалай сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

The London Ultra - заманауи көркем идеялардың тоғысатын жері. Мұнда минималистік композициялардан бастап, сәнді инсталляция және таңдай қақтырарлық абстракцияға дейін бар. Шараға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен өнер адамдары келіп, бақтарын сынайды. Биыл Үрияның көрмеге екінші рет қатысуы. Ол әдеттегідей көшпенділерге етене таныс материал - малдың табиғи жүнінен мүсіндер жасайды.

Суретшінің биылғы инсталляциясы тамыр мен жүйке талшықтарын еске салады. Осылайша автор көрерменнің назарын адамзаттың бүгінгі көкейкесті мәселелеріне аудартқысы келеді.

«Халық технологиялық және экономикалық прогресс көшіне ілесемін деп, табиғатпен және бүкіл әлеммен байланысын жоғалтып жатыр. Тіпті бір-бірімізден де алшақтап барамыз. Яғни, бұл технологиялар бізді біріктіріп қана қоймайды, сонымен бірге ажыратады. Адамдар әлеуметтік желілердегі әдемі фотосуреттерінің артына тығылып, өздерінің жалғызсырап қалғандарын сезбей де қалғандай», - дейді суретші.

 

Сыншылар болса, оның бұл еңбегіне жоғары баға беріп отыр.

«Үрияның бұл жұмысы маған ерекше әсер етті. Ол басқаларға мүлдем ұқсамайды. Кеңістікті, түстерді, текстураны өте сәтті пайдаланған», - деді бізбен сұхбатында арт-агент Билли Орафферрти.

The London Ultra көрме-конкурсының ұйымдастырушылары әлемнің жүздеген елінен келген қатысушылардың арасынан қазақстандық суретшінің еңбегін ең үздік деп бағалап, бас жүлде және 1000 стерлинг фунтын табыс етті. Урия өз жұмыстарында көшпенділердің ежелгі материалы - жүнді пайдалану арқылы Қазақстанның атын беделді халықаралық көрмелерде паш етуді жалғастыра бермек.