12 қыр, 2019 сағат 08:55

Қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіков Ұлыбританияда жеке көрмесін өткізді

Семей ядролық полигонының құрбаны, суретші Кәріпбек Күйіков Лондонда жеке сурет көрмесін өткізді.

Айта кетерлігі, Кәріпбек Күйіков осыдан алты жыл бұрын «саусақ іздері жоқ» деген желеумен Біріккен Корольдікке кіруге виза ала алмаған еді. Осыған байланысты, туа бітті екі қолы жоқ қоғам қайраткерінен Ұлыбритания елшілігі кешірім сұрап, олқылықтың орны енді толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәріпбек Күйіков ядролық сынақтардың үрей тудырар ауыр зардаптары бейнеленген суреттерін Британия жұртшылығына ұсынып қана қоймай, халықты ядролық сынақтарға тыйым салуға бағытталған АТОМ жобасының онлайн-петициясына қол қоюға шақырды.

«Лондон - бүкіл халық құлақ асатын әлем астаналарының бірі. Осында айтылған пікірлер әлем жұртшылығының назарына ілігеді», - деді өз сөзінде суретші.

Біріккен Корольдіктің Қауымдар палатасы ғимаратында және  Корольдік автомобильдер клубында өткен көрмелерге британиялық депутаттар, Қазақстан мен Ұлыбритания дипломатиялық корпусының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онда «Ядролық қарусыздану үшін кампания» ұйымының бас хатшысы Кейт Хадсон Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялауын ұлы жетістік деп бағалады.

«Бұл бастама қарусыздану қозғалысына үлкен серпіліс әкелді», деді ол сөзінде.

Ал Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі және «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және жою үшін»  ұйымының тең төрағасы Баронесса Сьюзан Миллер ядролық қаруды сынаудың қауіп-қатері мен салдарын әлем жұртшылығына жеткізудегі Қазақстанның рөлін айрықша атап өтті. Ол әсіресе, Кәріпбек Күйіковтың жеке басының тағдыры мен өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.  Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты Боб Стюарт болса, Кәріпбек Күйіковтың ауыртпашылыққа төтеп беріп, ядролық қаруға толық тыйым салу идеясын насихаттап жүргендігін үлкен ерлік, деп бағалады.

Суретшінің шығармашылық сапары Шотландияның астанасы Эдинбургте де жалғасты. Кәріпбек Күйіков жергілікті Парламентте сөз сөйлеп, әлемді бейбітшілікке үндеді. Шотландияның бірінші министрінің орынбасары және білім министрі Джон Суиннмен кездесті. Сондай-ақ ол Манчестерде де жеке көрмесін өткізіп, Лорд-қала мэрі Абид Латиф Чоханмен дидарласты.