Қазақстандық студент Томирис Байсафаны өлтірді деп айыпталған Муртазали Меджидовке қатысты қылмыстық іс Мәскеудің Никулин аудандық сотында қаралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Марқұмның анасы Жанна Ахметованың айтуынша, қылмыстық іс материалдары сотқа берілген, бастапқы тыңдау 23 наурызда өтеді.
«Біз бұл туралы бүгін ғана білдік. Негізінде Никулин аудандық сотында екі тарап та қашықтан қатыса алатындай техникалық жағдайы жоқ», - дейді ол.
Енді ол алдағы сот отырысына қатыса алмайды, өйткені коронавирусқа қатысты шектеу шараларына байланысты ол сотқа бара алмайды. Сондықтан сот отырысына зардап шеккен тараптың адвокаты қатысуы тиіс.
«Айыпталушы сотты алқабилер қатысуымен өткізу туралы өтініш білдірді. Бірақ біз алқабилер сотына қарсымыз, өйткені айыпталушы тарап қатысушылардың құрамын анықтай алады, ал біз олардың құзыреттілік дәрежесін де білмейміз», - дейді Жанна Ахметова.
Сондай-ақ, Ахметова тергеу барысында айыпталушы бірнеше рет айғақты өзгерткенін, тергеу іс-шараларының нәтижелерінен ара-тұра бас тартқанын, мұндай әрекеттер тергеу мен сотқа материалдарды дайындау қарқынын кешіктіргендігін айтты.
Мәскеу соттары порталының хабарлауынша, қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы судья Константин Дубковтың төрағалығымен сейсенбіде өтеді. Сотталушы М. Меджидов Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігі бойынша («Кісі өлтіру») қылмыс жасады деп айыпталды.
Ресей Федерациясының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің ережелеріне сәйкес алдын ала тыңдауды судья жалғыз өзі тараптардың қатысуымен жабық сот отырысында өткізеді және мәселені шешу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.