20 там, 2020 сағат 09:29

Қазақстандық сценарист Халықаралық кинофестивальде жеңімпаз атанды

Ұлыбританияда Еуразиялық Шығармашылық Гильдия кинофестивалінде қазақстандық автор Зәуре Төреханованың «Жібек құртының ұясы» шығармасы «Үздік сценарий» аталымы бойынша үздік деп танылды. Оның еңбегін қазылар алқасы фэнтези жанрындағы бірегей туынды ретінде бағалаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Зәуре Төреханова – балалар жазушысы, сценарист. Банктегі қызметін тастап, шығармашылықпен айналысқанына көп уақыт бола қоймаған.

Соның өзінде бірнеше қазақстандық әдеби байқаулар мен сыйлықтардың лауреаты атанып үлгерді. Енді міне Зәуре халықаралық деңгейде танылып отыр. Пандемияның кесірінен ол, өкінішке қарай, марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, оқиға өрбіген сценарий сюжетінде сыйқырлы әлем кейіпкерлерінің образдары ғажап суреттелген. 

«Сценарий - бірегейлігімен таң қалдырады. Ол өте жан-жақты жазылған.

Өте керемет. Екіншіден, шығарма фэнтези жанрында бүге-шүгесін қалдырмай, жан-жақты суреттелуімен ерекшеленеді. Мұндайды сирек кездестіресің», дейді қазылар алқасының мүшесі Спенсер Хоукен.

Қазақстандық режиссерлер мен сценаристердің тағы 3 еңбегі фестивальдің финалисі атанды.

Айта кету керек, Еуразиялық Шығармашылық Гильдия кинофестивалі - Еуразиялық кинематографияның ағылшын тілді кеңістікте таралуына себепші болып жүрген аз шаралардың бірі. Ол британиялық беделді Romford Film Festival кинофестивалімен ынтымақтастықта өткізіліп келеді. Биыл пандемияға қарамастан ұйымдастырушылар шараны онлайн емес дәстүрлі форматта өткізіп отыр. Лондон кинотеатрында 200-ден астам жұмыс ағылшын тілінде деректі, көркем, қысқаметражды кино, анимациялық фильм және басқа да жанрларда көрсетілді. Қазақстаннан бөлек, байқауға Беларусь, Италия, Ресей, Ұлыбритания, Израиль, Катар, Грузия, Канада және Финляндия елдерінің өкілдері қатысты.