18 қар, 2020 сағат 08:13

Қазақстандық спортшы ауыр атлетикадан Әлем кубогында «алтын» алды

Оны Перу елінің ауыр атлетика федерациясы ұйымдастырған. Қазақстандық спортшы Рахат Бекболат жастар арасында 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды, – деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитеті.

Жас ауыр атлеттер халықаралық стандарттағы екінші алтын медальді жеңіп алды. Жарыстың кезекті күні жастар арасында 102 келіге дейінгі салмақтағы жарысы өтті. Қазақстанның атынан бұл категорияда Рахат Бекболат шықты. Жарыс қорытындысы бойынша, қазақстандық спортшы қоссайыста 319 келі (140 және 179 келі) нәтижесін көрсетіп, бірінші орынға ие болды.

Атап өтсек, жарыстың бірінші күнінде команда активіне алғашқы алтын медальді Абылай Әуелханов әкелген. Кубоктың қола жүлдесін спортшы Гүлнұр Ыбырай жеңіп алған. Сондай-ақ, жарыстың үш күндік қорытындылары бойынша Азамат Төлеген мен Мейрамбек Әбіхалық қорытынды хаттаманың төртінші сатысына көтерілді.