Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында семсерлесуден Қазақстан командасы жарысты толығымен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ҰОК баспасөз қызметі мәлім еткендей, семсерлесуден Қазақстан командасының бас бапкері Алексей Писцов Азия ойындарына нүкте қойып, спортшылардың аяқ алысына баға берген.
Айта кетейік, қазақстандық спортшылар үшін семсерлесуден Азия ойындары аяқталды. Бүгін семсерлесуші қыздар ширек финалда Гонконгтан ұтылып, жүлдеге іліне алған жоқ.
«Жоспарды толығымен орындадық. Біз осындай нәтижеге қол жеткізуді көздеген едік. Әрине, кемшін тұстар әлі де жетерлік. Енді қатемізді түзеп, келесі ірі жарыстарға дайындаламыз. Осы орайда, бізге қолдау көрсеткен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне алғысымды білдіремін», - дейді бас бапкер.
Еске сала кетейік, семсерлесуден Қазақстан командасы Азия ойындарында 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды.