Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов ХІІІ Азия-Тынық мұхиты кино байқауында (APSA) топ жарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Азиялық «Оскар» қазақстандық режиссерге нуар стиліндегі «Қара, қара адам» фильмі үшін берілді. Фильм ауылда бала мәйітінің табылуымен басталады. Тергеуші істі тезірек жауып тастағысы келгенімен, қаладан келген журналист қылмыс бойынша тергеу жүргізуді талап етеді.
Марапаттау рәсімі 21 қарашада Аустралияның Брисберн қаласында өтті. Әділхан Ержанов Asia Pacific Screen Awards киножүлдесінің «Үздік режиссер» аталымында жеңімпаз болды. Бұл аталымда қазақстандық режиссер филиппиндік Лав Диасты, қытайлық Ван Сяошуайды, палестиналық Элиа Сулейманды және тайландтық Аноч Сувичакорнпонгты басып озды.
Одан бөлек, оңтүстіккореялық режиссер Бонг Джун Худың «Паразит» киносы «Үздік көркем фильм» аталымында үздік деп танылды.
APSA байқауына Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттерден 289 фильм ұсынылған. Оның ішінде 22 мемлекеттен келген 37 фильм беделді жүлделерге ие болды.
Айта кетейік, 2013 жылы Ә. Ержанов «Құрылысшылар» туындысы үшін APSA NETPAC (Young Cinema Award) жүлдесін жеңіп алған еді.