17 қыр, 2022 сағат 15:18

Қазақстандық палуан 10 жылдан кейін Олимпиада медалін алды


Қазақстандық еркін күрес палуаны Дәулет Шабанбай Лондон-2012 қола медалін иеленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Марапатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі Белградтағы күрестен әлем чемпионатында өткен. Спортшы медальді Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшысы, ХОК атқарушы комитетінің мүшесі Ненад Лаловичтің қолынан алған.

"Қымбатты достар, туған халқым, Қазақстаным. Аллаға шүкір, көптен күткен медальді алдым! Халықаралық Олимпиада комитетіне, Ненад Лалович мырзаға, Біріккен күрес әлемінің президентіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық федерацияның басшылығына ризамын. Барлығы мені жеке құттықтағанына қатты қуаныштымын. Біздің спортшылар чемпион болсын. Дайындалыңдар, жігіттер!" - деді Дәулет Шабанбай.

"Дәулеттің марапаты он жылдан кейін де спортшының күш-жігері мен шеберлігінің, сондай-ақ, бүкіл команданың тиімді жұмысының көрінісі саналады. Оны бағаламауға болмайды. Бұл - біздің палуанның заңды үшінші орны. Біріккен күрес әлеміне Олимпиада медалін беру шарасын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін", - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.

Спортшы марапаттар қайта бөлінгеннен кейін Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатарына енген. Лондондағы Олимпиадада Дәулет Шабанбай 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ойынды бесінші орында аяқтаған. Алайда 2019 жылы допинг-сынамалар қайта тексерілгеннен кейін грузин палуаны Давид Модзманашвили мен Артур Таймазов (Өзбекстан) тыйым салынған заттарды қолданғанына байланысты сотталған.

Барлық сынақтан кейін осы спортшыларды шеттету, олардың Лондондағы Олимпиадада көрсеткен нәтижелерін жою туралы шешім қабылданған. Осылайша, Дәулет Шабанбай ойындардың қола жүлдегері атанған.

Айта кетейік, Дәулет Шабанбай - Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014). Сондай-ақ, ол 2014 жылы Азия ойындарының күміс медаліне ие болған.