Қазақстан құрама командасы 37-ші Балқан математика олимпиадасына (Balkan mathematical olympiad) қатысты. Биыл пандемия жағдайына байланысты олимпиада 31 қазан-5 қараша аралығында қашықтан өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жарыста әлемнің 18 елінен 154 оқушы бақ сынаған. Биыл олимпиаданы Румыния елі ұйымдастырды.
Балкан математика олимпиадасы - Еуропа елдерінің оқушыларына арналған халықаралық математикалық жарыс. Қазақстан олимпиадаға қонақ ел ретінде қатысты.
Олимпиадаға қатысқан ұлттық құрама команда 6 қатысушыдан тұрды. Олар - 2019 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар олимпиадалық резерв мүшелері.
Биыл құрама команданың көрсеткен нәтижесі өте жоғары болды. 37-ші Балқан математика олимпиадасының қорытындысы бойынша ұлттық құрама екі күміс және төрт қола медальді жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері: Асылбек Олжабаев және Таир Сатубалдин, Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 және 11 сынып оқушылары.
Қола медаль иегерлері: Тамирлан Бектемісов, Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы; Батырхан Сәкенов, Алматы қаласы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы; Юрий Тен, Алматы қаласы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы; Сам Фетуллах, Нұр-Сұлтан қаласы дарынды балаларға арналған «Білім – Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.