13 қаң, 2021 сағат 10:21

Қазақстандық оқушы Қырғызстандағы тау-шаңғы базасында мерт болды

Қырғызстандағы Қаракөл тау шаңғысы базасында қазақстандық жасөспірім мерт болды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Қазақстан консулы қаза тапқан баланың туыстарымен және жергілікті құқық қорғау органдармен байланысып отыр. Баланың ата-анасына қажетті барлық консулдық-құқықтық көмек көрсетілетін болады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отандасымыз шаңғымен сырғанау барысында қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтамау салдарынан қаза тапқан», - деді А.Смадияров.

Қырғыз елінің 24.kg ақпарат агенттігінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласының 35 жастағы тұрғыны 13 жасар ұлымен 3 қаңтар күні Қырғызстанның Шу облысына қарасты Тоқмақ қаласында тұратын немере ағасының үйіне барған. 10 қаңтар күні қырғызстандық отбасымен және Қазақстаннан келген жиенімен Қаракөлдегі тау шаңғысы базасына демалысқа барған. 

«12 қаңтар күні сағат шамамен 13-00-де бала көтергішпен 3 мың 40 метр биіктікке шығып, батыс трассамен төмен қарай сырғанаған. 2 700 метр биіктікте ол батыс трассадан шығыс трассаға бұрыла берісте шыршаға соғылған. Бала алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты», - делінген агенттік таратқан Шу облыстық ішкі істер басқармасы ақпаратында.