Монғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық атлет Милад Карими күміс медаль жеңіп алды.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлағандай, жерлесіміз еркін жаттығудан өткен финалдық кезеңде 14.533 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болды. Тура осы жаттығудан бірінші орын иеленген қытайлық гимнасшы да Каримимен тең ұпай еншіледі. Алайда, бағдарлама қиындығына байланысты төрешілер бас жүлдені қытайлық атлеттің еншісіне берді. Үздік үшінші орынға 14.400 ұпай иеленген жапониялық спортшы ие болды.
Енді, Милад Карими ертең, яғни 22 маусым күні тағы үш жаттығу бойынша финалда сынға түседі. Сондай-ақ, Нариман Курбанов пен Аким Мусаев гимнастикалық ат снарядындағы жаттығудың финалдық кезеңінде ел намысын қорғайды.