Футболдан Қазақстан құрамасының қорғаушысы Темірлан Ерланов Ұлттар Лигасының үшінші турының үздік құрамына енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
SofaScore аналитикалық порталының нұсқасы бойынша Темірлан Ерланов Қазақстан-Албания матчының үздік ойыншысы атанып, 8.1 ұпай жинады. Сол кездесуде Ерланов ұлттық құраманың қақпасын голдан аман сақтап қалған еді.
Темірланнан өзге бұл тізімде әлемге әйгілі испандық қорғаушы Серхио Рамоспен қатар тұр. Сондай-ақ, құрамда Мартин Эдегор, Эрлинг Холланд сияқты атақты футболшылар бар.
«Біз бұл ойында қорғанысқа аса мән бердік. Ал қорғаушының қақпашыға көмектесуі – заңдылық. Сондықтан қақпаны голдан аман сақтап қалғанымды ерлік деп есептемеймін. Қорғаушы ретіндегі міндетім еді. Менен басқа да әріптестерім жанын беріп ойнады. Олардың әрқайсысы да менің орнымды баса алады. Әрине, еңбегіңді бағалап, үздіктер құрамына енгізіп жатса, ішің жылып қалады», - деді футболшы телефон арқылы.
Темірлан Ерланов Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет 2019 жылы 21 ақпанында Молдова құрамасына қарсы алаңға шықты. Осы уақытқа дейін 8 матчқа алаңға шығып,1 гол соққан. Қазір Темірлан Қостанайдың «Тобылында» доп тебеді.
Сонымен Ұлттар Лигасының үшінші турындағы үздік команда мынадай:
Кайл Голдуин (Гибралтар), Темірлан Ерланов (Қазақстан), Серхио Рамос (Испания), Мартин Эдегор, Эрлинг Холлан, Александр Серлот, Биргер Мелинг (барлығы – Норвегия), Анастасиос Бакасетас (Греция), Рауно Саппинен (Эстония), Венсан Тилль (Люксембург), Одмар Фере (Фарер аралдары).