Дзюдодан 27-29 қазан күндері Біріккен Араб әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде әлемдік "Grand Slam" кезеңі өтеді. Әлемнің 64 елінен 400-ге жуық спортшы қатысатын додада қазақ дзюдошылары да бақ сынайды, деп хабарлайды Masssaget порталы.
Қазақстан құрамасы қыркүйек айында Бакуде өткен әлем чемпионатына қатысты. Ерлер арасында 66 кг салмақ дәрежесінде Ерлан Серікжанов күміс медаль еншіледі. Әйелдер арасында Галбадрах Отгонцэцэг (-48 кг) қола жүлдегер атанды. Екі дзюдошы да Абу-Дабидегі жарысқа қатысады. Галбадрах қыздар арасында еліміздің атынан жалғыз өзі барады.
Ерлер арасында еліміздің ең мықты дзюдошылары жарыс жолына шығады. 60 кг салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов жүлдеге таласады. Дзюдошы Джакартада өткен Азия ойындары кезінде жарақат алып қалған еді. Нәтижесінде әлем чемпионатына қатыса алмады. Сондай-ақ Абу-Дабиде бұл салмақта танымал дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев та бақ сынайды.
66 кг-ға дейінгі салмақта Ерлан Серікжановтан өзге Елдос Жұмақанов та барады. -73 кг салмақта Әлемдік Гран При кезеңінің қола жүлдегері Бекәділ Шаймерденов алтынға таласып көрмек.
Абу-Даби татамиінде ел намысын қорғайтын дзюдошылар қатарында Дидар Хамза (-81 кг), Ислам Бозбаев (-90 кг), Азиз Қалқаманұлы (-90 кг), Әділхан Қозыбаев (-100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) бар.