Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ғалым Шағатай (5-0, 5КО) Ресей өкілі Пеле Садоянды (7-1-2, 3КО) жеңіп, алғашқы титулына қол жеткізді, – деп хабарлайды «Қазақстанның кәсіпқой боксының» әлеуметтік парақшасында.
Жекпе-жек Мәскеуде ұйымдастырылған бокс кеші аясында өтті. Спортшылар жартылай орта салмақта жастар арасындағы WBC Asia титулын сарапқа салды. 10 раундқа есептелген айқас бесінші раундта тоқталды – Шағатайдың оппоненті одан әрі жұдырықтасудан бас тартты. Бұл, П.Садоянның қарсыласынан алғаш рет ұтылуы. Ал, Ғ.Шағатай кәсіпқой-рингтегі қатарынан бесінші жеңісіне жетті.
Айта кетейік, қазақстандық боксшының профи-бокстағы дебюті 2019 жылдың ақпанында болды. Ал тамыз айында Мәскеуде ресейлік Александр Салтыковты нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақтағы ProBox нұсқасы бойынша ТМД чемпионы атағын жеңіп алған болатын.