Жеңіліп көрмеген бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (12-0, 11 КО) Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингінде өз орнын жақсартты, деп хабарлайды Sports.kz.
Садриддин Ахмедов дивизиондағы үздік 15 боксшының қатарына кіріп, тізімде 15-ші орынды иеленді. Рейтингінің көшбасшысы - Өзбекстан өкілі Исраил Мадримов (6-0, 5 КО).
Бұл салмақтағы WBA титулдарын «супер чемпион» америкалық Джермелл Чарло (34-1, 18 КО), әлем чемпионы, кубалық боксшы Эрисланди Лара (27-3-3, 15 КО) және француз боксшысы «алтын» чемпион Мишель Соро (35-2-1, 24 КО) иеленеді.
Еске сала кетейік, қазақстандық Садриддин Ахмедов өзінің соңғы жекпе-жегін 29 қаңтарда өткізді. Ол он раундтың қорытындысы бойынша голландтық Стивен Даньоны (17-4-3, 6 КО) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.