21 қаң, 2019 сағат 11:43

Қазақстандық боксшы қыздар «Ұлттар кубогі» турнирінің суперкубогін жеңіп алды

Қазақстанның боксшы қыздары «Ұлттар кубогі» халықаралық турнирінің суперкубогін жеңіп алды. Боксшыларымыз ересектер, жасөспірімдер және жастар арасында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Бокс федерациясына сілтеме жасап. 

«Қаңтардың 16-20 күндері Сербияның Сомбор қаласында бокстан «Ұлттар кубогі» халықаралық турнирі өтіп, оған әлемнің 20 елінен 170-тен астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы қатарында жастар, жасөспірімдер және ересектер командасы болды. Ұлттық қыздар құрамасы елге 11 медальмен, оның ішінде 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен оралды», - деп атап өтеді федерация.

Таратылған мәліметке қарағанда, 48 келіде шаршы алаңға көтерілген Алуа Балқыбекова ресейлік Юлия Чумгалаковадан басым түсті. Ал Назым Қызайбай (51 келі) алтын үшін айқаста Ангелина Лукасқа есе жіберді. Дина Жоламан (54 келі) венгерлік Сабин Шуцстен басым түссе, Римма Волосенко (60 келі) турнирдің үздік боксшысы атанды. Ол ақтық сында хорватиялық Сара Берамнан басым түсті. Ләззат Күнгейбаева да ресейлік Александра Дмитриевадан басым болып, алтын алды.


Әлия Әбдірайымова, Ақерке Бақытжан, Баян Ақбаева, Аида Ондаш және Мөлдір Базарбаева турнирдің қола жүлдегері атанды.

Ал жасөспірімдер арасында Жібек Жарасқызы (66 келі), Айжарық Шеріхан (70) және Ксения Древал (+80 келі) турнир чемпионы атанды. Күміс медаль Сымбат Әлиасқар (46 келі), Гулнар Тұрапбай (52), Валерия Семенова (70) және Назерке Серікке (57) бұйырса, Талшын Тосбай (60), Камила Ахмет (52 ), Айдын Теміржан (57) қола жүлдегер болды.

Жастар арасында Мария Гладкова (57), Анель Сакіш (51) және Анель Құдайберген (48) чемпиондық атақ жеңіп алды. Күміс медаль Еркежан Дәулетжанқызына (57), Мөдір Тойықоваға (54) және Ұлжанай Мамутоваға (64) бұйырды. 81 келіде Гүлсая Ержан турнирдің қола жүлдегері атанды.