Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қазақстандық бітімгерлер Сирияда қандай операцияларға қатысқанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Былтыр наурыз айында қазақстандық бітімгерлер Голан жотасына аттанған болатын. Ал жыл соңында Башар Асадтың билігі құлағаннан кейін Израиль Голан жотасындағы буферлік аймақты басып алды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, ол кезде қазақстандық бітімгерлер шиеленіске араласқан жоқ.
"Өткен жылдың соңында болған шиеленіс кезінде біздің бітімгершілік рота шиеленісті тоқтатуға қатысқан жоқ. Меморандумның шеңберінде тек бітімгерлік миссия бойынша азаматтық персоналды Дамаск қаласынан эвакуациялаумен айналысты және басқа да мемлекеттердің бітімгерлерін базаға эвакуациялады",-деді Жазықбаев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, бітімгерлер жарақат алса, өтемақы төленеді. Оның мөлшері – 6-30 жалақы. Ал қаза тапқан жағдайда 60 жалақы көлемінде өтемақы қарастырылған.