Көрнекі сурет: dw.com
Қазақстандық Arbat.media басылымы Украинадағы соғыс туралы мақала жариялағаны үшін Ресейдің Владимир қаласындағы Ленин аудандық сотына шақырту алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.
Сотқа арызданушы Ресей армиясының 19-әскери прокуратурасы, 56680 әскери бөлімшесі деп жазылған. Сот отырысы 17 ақпанға белгіленген.
Arbat.media басылымының жазуынша, шақырту қағазында "Роскомнадзордың Владимир облыстық басқармасы басылымдағы Украинадағы соғыс туралы мақаладан шындыққа сәйкес келмейтін және саяси мәндегі қоғамдық маңызды ақпарат жайлы жалған мәлімет барын анықтады" деп жазылған.
Аrbat.media порталының редакциясы өзіне тағылған айыпқа қарсы екенін жеткізді.
Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралы Ресей сотынан алғаш рет шақырту алып отыр. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің ақпараттық технология және бұқаралық байланыс саласын бақылайтын федерациялық қызметі (Роскомнадзор) бірқатар қазақстандық басылымнан Украинадағы соғысқа қатысты материалдарды өшіріп тастауды талап еткен.
Роскомнадзордан Аrbat.media, "Власть", Informburo.kz, Ratel.kz, Newtimes.kz басылымдары Украинадағы соғысқа қатысты материалдарды өшіруді талап еткен хат алған.