Фото: ҰОК
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрқожа Қайпанов олимпиадалық емес салмақ санаттары бойынша әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Нұрқожа Қайпанов Тиранадағы (Албания) әлем біріншілігінің финалында жапон балуаны Ешиносуке Аоягимен күресті. 70 кг салмақ дәрежесіндегі белдесуде қазақстандық спортшы 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанған Қазақстандағы екінші балуан атанып отыр. Былтыр Сербия астанасы Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг дейінгі салмақта топ жарған еді.
2019 жылы Нұрқожа Астанадағы әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген болатын. Сондай-ақ ол екі дүркін Азия чемпионы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Тиранадағы әлем біріншілігін 1 алтын, 2 күміс медальмен аяқтады. Бұған дейін әйелдер күресінен сынға түскен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) мен грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) күміс жүлде иеленді.