16 қаң, 2025 сағат 15:20

Қазақстандық Apple компаниясының басшылық лауазымына тағайындалды

Фото: Instagram.com/adilkhankopabayev

Қазақстандық Әділхан Қопабаев әлемдегі ірі корпорациялардың бірі — Apple компаниясында басшылық қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол Орталық Азия мен Армения өңірлеріндегі қоғамдық саясат мәселелеріне жетекшілік етеді.

2025 жылдың 15 қаңтарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бұл тағайындау туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, қазақстандықтың жетістігін мақтанышпен атап өтті.

«Әділхан Қопабаевтың Apple компаниясында маңызды басшылық қызметке орналасқанына қуаныштымын! Бұл жетістік оның кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Ол енді Орталық Азия мен Армения аймағының дамуына жауапты болады», – деп жазды министр.

Әділхан Қопабаев бұл ақпаратты өзі де растады. Өзінің Instagram парақшасында ол:

«Apple компаниясында Қоғамдық саясат бөлімінің басшысы ретінде жұмыс істей бастағанымды және Орталық Азия мен Армения үкіметімен ынтымақтастықты жалғастыратынымды қуана хабарлаймын», – деп жазды.

Әділхан Қопабаев 1995 жылы 9 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Корея мен АҚШ-та білім алған. Оның еңбек жолы түрлі жауапты лауазымдармен байланысты:

2014-2016 жылдары KazAlliance NPO (Сеул, Оңтүстік Корея) филиалының басшысы болды;

2016-2018 жылдары ICON халықаралық консалтингтік ұйымында бизнес-сарапшы қызметін атқарды;

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі;

2019 жылы Қазақстан Ұлттық Банкінде бас экономист болды;

2019-2021 жылдары Қазақстан Үкіметінің жобалық кеңсесінде қызмет етті;

2021-2022 жылдары Браун университетінде зерттеуші-талдаушы болып жұмыс істеді;

2022-2023 жылдары АҚШ-тағы Ұлттық көлік жүйелері орталығында бизнес-сарапшы ретінде қызмет атқарды;

2021-2023 жылдары Бостондағы PFPchat компаниясының бас директоры болды.

2023 жылы ол Қазақстанға оралып, Энергетика министрлігінің «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ бас директоры қызметін атқарған.