Елордада өтіп жатқан Қазақстандық-америкалық бизнес форум аясында бірқатар келісім рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форум барысында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, авиақұрылыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын 8 екіжақты құжатқа қол қойылды. Аталған құжатты рәсімдеушілер қатарында америкалық тараптан Valmont, MasterCard, Honeywell және Sierra Nevada Corporation компанияларының өкілдері болды.
«Экономиканы кеңейтуде табысты жетістіктер бар екенін білеміз. Мұны Халықаралық валюта қоры да растап отыр. Ол 2016-2019 жылдардағы экономика өсімін атап өтті. Экономиканың шикізаттық емес секторына қатысты айтар болсақ, онда біз өнімдерді әртараптандыру мақсатына қол жеткізіп қалдық. 2018 жылы сыртқы сауда 20 пайызға өсті. Біз сауда-саттықты 100 млрд долларға жеткізуге ниеттіміз. Толықтай алғанда, біздің экономикамыз да, сауда-саттығымыз да шетелдік әріптестердің қызығушылығын туғызып отыр. Сондай-ақ, тікелей шетел инвестициясының құйылуы 15 пайыздан асып кетті», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин.
Айта кетейік, форум жұмысына АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс пен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, 20-дан астам америкалық компанияның басшылары, қазақстандық бизнес өкілдері, министрліктер мен ведомство басшылары қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс елімізге сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, сонымен бірге ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.