XXI ғасыр – жаһандық рухани геостратегиялық кеңістіктегі ділдер (менталитеттер) арасындағы тайталас кезеңі. Рухани геостратегиялық кеңістік дегеніміз адамзат санасының дамуына, адам мен қоғам, қоғам мен табиғат қатынастарына ықпал ететін әлемдік қауымдастықтың ортақ мәдени, ақпараттық, ғылыми, діни кеңістігі. XXI ғасырда әскери күштер табиғи ресурстарды бақылау үшін жүргізілетін қақтығыстарды ұмытты. Олардың қақтығыстары материалдық емес, рухани құндылықтарды, оның ішінде адам психикасын (ішкі сезімі мен көңіл-күйін) көздейтін жасырын күрес сипатына ие болып келеді. Азаматтарымыз бұл шындықты дер кезінде аңғарып ұғынбаса, рухани (адамгершілік, парасаттылық пен сұлулыққа құштарлық) қажеттіліктердің үстемдігі мен басымдылығын мойындамаса, әлемдік үдерістердің құрбанына айналары сөзсіз.
Соңғы геосаяси тайталастар барысында қоғамның рухани дамуына әсер ету арқылы көпшілік санасын өз еркіне бейімдеуге ыңғай танытып отырған бәсекелес мемлекеттердің белсенділігі артты. Геосаясаттың негізгі факторларының бірі – руханият. Қашан да кез келген мемлекет даму мақсатында ел ішіндегі конфессияаралық келісімді сақтай отырып, өзге елдердің дін саласына ықпал етуді көздейді. Олардың түпкі мақсаты – түрлі конфессиялардың радикалды өкілдеріне қолдау көрсету арқылы қоғамдағы үдерістерге ықпал етіп, ел ішінде және әлемде тұрақсыздық туындатқызу арқылы өздерінің қалауы бойынша өзгеріп отыратын хаос (бейберекеттілік) жүйесін құру саналады. Сол себептен де, елді рухани дағдарыстардан аман алып қалу, рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің алдыңғы қатардағы басты мәселелерінің бірі.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгінің объектiлерiне адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы жатады. Олардың қауіпсіздігі қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық, экологиялық қауіпсіздікке негізделген. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудің 10 тармағының бірі қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің негізгі 19 қауіп-қатерлерінің біріне Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы жатады. Аталмыш қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында мемлекет қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстан Республикасының негізгі 18 ұлттық мүдделерiнің қатарында қоғамның материалдық және рухани-имандылық құндылықтарын сақтау мен еселей түсу мүддесі орын алған. Аталмыш ұлттық мүдде қоғамның мәдени, діни, ғылыми, білім беру, ақпараттық, идеологиялық, психологиялық қауіпсіздіктерін қамтитын жүйелі, тұтас, жалпыға ортақ, бірегей рухани қауіпсіздік саласына жатады. Рухани қауіпсіздікті тек діни немесе мәдени қауіпсіздік деп түсінуге болмайды. Рухани қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы болып табылатын қоғамдық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде қарастырған жөн. Рухани қауіпсіздік қоғамның заманауи руханиятының, тұлға, қоғам мен мемлекет мүдделерінің сақталғандығының, дәстүрлі рухани құндылықтардың (адамгершілік, парасаттылық, сұлулық), әсіресе тұлға, топ және көпшілік санасының сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалғандығының жай-күйі болып табылады. Рухани қауіпсіздіктің объектілеріне ұлттық сана-сезім, қоғам өмірінің жалпыға ортақ дәстүрлері, мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатын қолдау қызметінде көрініс табатын ұлттың моральдық-психологиялық бірлігі жатады. Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік мекемелер мен органдардың айрықша құзыреті ғана емес. Оның субъектілеріне сонымен қатар қоғамның отансүйгіш азаматтары мен институттары, бұқаралық ақпарат құралдары жатады. Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттың рухани құндылықтарын сақтап байыта түсуді көздейтін қоғамның барлық патриоттық күштері мен белсенді зиялыларының мақсатты түрдегі қызметі болып табылады. Бұл қызмет әлеуметтік мәселелер кешенді әрі жүйелі түрде зерделенген жағдайда ғана тиімді болмақ.
Қоғамның рухани дамуының кепілі ұлттық құндылықтар болып табылады. Ұлттық құндылықтар материалдық және рухани құндылықтардан құралады. Қоғамның рухани құндылықтарына тіл, дін, салт-дәстүр, өнер, дүниетаным мен тарих жатса, жеке тұлғаның рухани құндылықтарына адам денсаулығы, психикасы, санасы, тілі, дүниетанымы мен діни көзқарасы, материалдық әл-ауқаты жатады. Рухани құндылықтар адамның руханиятын құрайды. Руханият – рационалды зайырлылық пен иррационалды діндарлықтың тепе-тең үйлесімі. Руханиятты дінсіз түсіну мүмкін емес. Дегенмен руханият пен діндарлықты бір-біріне теңестіріп қарастыру да орынсыз. Руханият – адамның көңіл-күйі мен қоғамдағы қарама-қайшылықтардың үйлесімді қосындысы. Ол қоғам дамуының идеологиялық бағытын көрсететін, адам болмысының ерекше түп негізі (субстанциясы). Руханияттың табиғи үш түрлі жүйесі, құрамдас бөлігі бар:
1) парасаттылық (ақиқат пен жалғанды анықтаудағы танымдар жүйесі);
2) адамгершілік (жақсылық пен жамандықты анықтаудағы құндылықтар жүйесі);
3) сұлулық (сұлу мен ұсқынсызды анықтаудағы талғамдар жүйесі).
Руханият санаға негізделген. Сана болса, ақыл (парасаттылық) мен сезімнің (адамгершілік, сұлулық) жемісі. Адам санасы ақыл (рационалды) мен сезімге (иррационалды) негізделе отырып, болымды яки болымсыз бағытта өзгерер болса, руханият та жағымды-конструктивтік немесе жағымсыз-деструктивтік бағытта дамуы мүмкін. Адамзат сананың ерекше жай-күйі арқасында қиыншылықтарды жеңіп, адам сенгісіз қарқынмен дамудың шыңырау шыңына беттеп барады. Бұған қарамастан қазіргі заманда адамды рухани күйзеліске ұшырату арқылы оны сындарлы (конструктивті) әрі жасампаз рухынан айырып, бейәлеуметтік мақсаттарда қолдану үдерісінің белең алғандығының куәсіміз. Ұлттық менталитетке (діл, жан құрылымы, ойлау үлгісі, рухани мінез-құлық) жат рухани құндылықтар егу қоғам руханиятына төніп тұрған басты қатер. Халықтар мен мемлекеттердің қасіреті, әдетте, олардың руханиятының бүлінуінен, жат идеялар мен құндылықтардың және оларға жетудің өрескел тәсілдерінің қоғам санасына енуінен басталады. Ақпараттық кеңістікте тарайтын аталмыш қауіп-қатер адамның рухани қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сол себептен, ұлттық руханияттың аясын үздіксіз кеңейтіп отыру рухани қауіпсіздіктің алғашқы шарттарының бірі.
Әрбір адамның санасы үздіксіз «талығу» мен «белсенділік таныту» арасында күй кешетіндігі белгілі. Талыққан күйдегі сана бірқалыпты мінез танытса, белсенді сана шығармашылық жасампаздыққа немесе ойрандатушылыққа бой беріп, өмір салтын өзгертуге тырысады. Осылайша, саналы адам рухани әлеуетінің асқақтауын көздейді.
Аталмыш ақпараттық соғыста адамды өзгенің еркіне көндіру үшін ақпарат бұрмаланып, адамның көңіл-күйіне кешенді түрде ықпал ету әдістері қолданылуда. Мұндай соғыстың бүгінгі таңда ғаламтор желісінде ақпараттық-психологиялық, кибернетикалық, желі негізіндегі әскери басқарма секілді кең тараған түрлері бар. Ғаламтор желісі арқылы адам мен қоғам санасы ақпараттық-психологиялық соғыстың құралы мен құрбаны болып келеді. Ақпараттық соғыстың түпкі мақсаты – ұлттық рухани құндылықтардың орнына әмбебап құндылықтарды енгізу. Сол себептен, рухани қауіпсіздік стратегиялық мәнге ие мәселе болып табылады.
Рухани бірлігі жоқ ұлт геостратегиялық рухани кеңістікте қандай да бір дамуға, бәсекелестік танытуға қауқарсыз. Рухани қауіпсіздіктің маңыздылығын дұрыс түсінген жағдайда қазіргі қоғамның белгілі бір бөлігі арасында белең алып отырған рухани көзқамандық (нигилизм) пен әлеуметтік енжарлықтан (апатия) арылу мүмкіндігіне қол жеткізуге болады.
Рухани қауіпсіздіктің басты өлшемдеріне: 1) қоғамдық сананың ішкі және сыртқы деструктивті ықпалдан қорғалғандығының жай-күйі; 2) мәдениет, ғылым, білім беру, дін, ақпарат саласындағы қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдану қабілеті; 3) қоғамның пассионарлық бөлігінің жағымды шығармашылық белсенділігі жатады.
Егер Қазақстан Республикасы азаматтарының рухани (ақпараттық, мәдени, конфессиялық, ғылыми, білім беру) кеңістігін қорғау бағытында жедел түрде шаралар қолданылмаса, 20-30 жылдық мерзім ішінде билік басына ұлттық руханияттан алшақ, космополиттік дүниетанымды ұстанатын адамдар келеді. Бұны болдырмау үшін қоғамдық сананы деструктивті ішкі және сыртқы ықпалдардан қорғайтын құрылымдардың ел басқару жүйесіне тармақтала отырып енуі орынды болады. Олардың қызметінде төмендегідей құзыреттер оң нәтиже берері сөзсіз.
- рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын анықтау;
- руханиятқа төнуі мүмкін ішкі және сыртқы қатерлерге қарсы әрекеттің стратегиясын қалптастыру;
- геосаяси бәсекелестердің ақпараттық-психологиялық басқыншылығына қарсы әрекеттің стратегиясын құру;
- заманауи қоғамның рухани қауіпсіздігінің жаңа үлгілерін қалыптастыру;
- жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясының аясында рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің дүниетанымдық талаптарын айқындау;
- философия, құқық философиясы, дін философиясы, саясаттану, әлеуметтану, дін әлеуметтану негізінде рухани қауіпсіздік феноменін зерттеу;
- рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мәселелерін шешудің жолдарын қарастыру.
Қоғамның рухани қауіпсіздігін республикалық және өңірлік деңгейде қамтамасыз ету мақсатында төменде көрсетілген тармақтардан құралған тұтас бір жүйе құрудың қажеттілігі бар секілді. Олар:
- дамыған мемлекеттер сияқты қоғамдық сананы деструктивтік ықпалдан қорғаудың кешенді шараларын жүзеге асыратын қарулы күштердің, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бөлімшелерін құру;
- ақпараттық-психологиялық соғыстың құралдары мен әдістерін қолдану;
- мемлекеттің қорғаныс бағытындағы талаптарға сәйкес жеке тұлғалық және қоғамдық сана қалыптастыру мәселелерін зерттейтін және сол саланың мамандарын дайындайтын ғылыми және білім беру мекемелерін құру;
- патриоттық бағытты ұстанатын бұқаралық ақпарат құралдарын құру;
- мәдени-ұлттық, тарихи-патриоттық бірлестіктер құру;
- мемлекет тарапынан қолдау көретін шығармашылық мен әлеуметтік бағыттағы бейресми бірлестіктер құру.
Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметі міндетті түрде заңмен бекітілгені жөн. Мысалы, «Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы» мен «Рухани қауіпсіздік туралы» Заң бекітілетін болса, аталмыш мәселені шешудің құқықтық базасы құрылған болар еді.
Өткен шаққа өкінбеу, қазіргі шақта жетістіктерге жету, келер шақта жарқын болашаққа жақындай түсу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық» деген сөзін негізге ала отырып, ұлы құндылықтарымызды сақтап, жаңғырту әрі асқақтату бағытында тиімді қызмет атқару - бүгінгі заманымыздың талабы. Аталмыш тиімді қызметке қол жеткізудің бір жолы рухани қауіпсіздігіміздің қамтамасыз етілуінде жатыр. Бұл жолды жүріп өтудің алғышарты бүкіл мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының рухан қауіпсіздік саласында жұмылуы болып табылады. Рухани саладағы ұлттық мүдделерімізді, мәдени-тарихи құндылықтарымызды қорғау мақсатында үнемі кешенді әрі жүйелі түрде бірге жұмыс атқарсақ, бүгінгі руханиятымызға төнген қауіп-қатерлердің алдын алып, «Мәңгілік Ел» аясында шоғырланған азаматтарымыздың рухани құндылықтарын әлем жұртшылығын тамсандыра отырып паш ететіндігімізге сеніміміз мол.
Баймаханов Б.К.