13 қаң, 2020 сағат 19:29

Қазақстандағы еңбек мигранттары: Бердібек Сапарбаевқа тексерістердің нәтижелері баяндалды

Бүгін елордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте сыртқы еңбек миграциясын реттеу мәселелері қаралды. Оған мемлекеттік және құқыққорғау органдарының, шетелдік кәсіпорындардың басшылары сондай-ақ, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің берген мәліметіне сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, шетелдік жұмыс күшін тартуға 19,1 мың рұқсат берілді. Олардың құрылымында 77% басшылар мен білікті мамандар құрайды. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер – Қытай, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Ұлыбритания. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, жұмыс берушілер 8,2 млрд теңге көлемінде салық төледі. Кадрлардағы қазақстандық қамту 96% деңгейінде қамтамасыз етілген.

Штаттарында шетелдік мамандардың саны 30-дан асатын 95 кәсіпорынды тексеру барысында еңбек және көші-қон заңнамаларын бұзудың 1008 фактісі, оның ішінде жергілікті және шетелдік жұмысшыларға еңбекақы төлеудегі кемшіліктер бойынша 479 дерек анықталды.

Сондай-ақ, заң бұзушылықтардың қатарында — еңбек жағдайлары мен санитарлық-тұрмыстық жағдайлар бойынша кемсітушілік, шетелдік жұмысшылардың білімдері атқарып жүрген лауазымдарына сәйкес келмеуі, рұқсатқа сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмысты орындау және басқалары бар.

«98 млн теңгеден астам сомаға 397 әкімшілік іс қозғалды. 361 шетелдік жұмысшының жалақысы қазақстандық жұмысшы деңгейіне дейін төмендетілді, ал 4 қазақстандық жұмысшы үшін жалақы шетелдік жұмысшы алатын ақы деңгейіне дейін көтерілді. 703 рұқсат қайтарып алынды, 507 шетелдік жұмысшы елден шығарылды», — деді Біржан Нұрымбетов.

Ол мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу және олардың санын азайту, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тәртібін күшейту мақсатында министрлік бірқатар шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

Мәселен, жұмыс берушілердің қызметкерлерге теңдей санитарлық-құқықтық жағдайларды қамтамасыз ету міндеті заңнамалық тұрғыдан реттеледі. Жұмысшыларының саны 250 адамнан асатын, оның 30-дан астамын шетелдік жұмыскерлер құрайтын кәсіпорындарды жыл сайынғы жоспарлы тексерулермен қамту көзделген. 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 48,7 мыңнан 29,3 мыңға дейін қысқартылды. 4 санат бойынша жұмыскерлерге рұқсат беру тек ішкі нарықта жұмыскерлер болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер заңнамалық негізде 3-4-інші санаттар бойынша тартылатын шетелдік жұмыскерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыруға міндеттеледі.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өткен жылы 531 еңбек рұқсатнамалары берілгенін атап өтті (жұмыс берушілердің – жеке тұлғалардың жұмысын ІІМ квотасы бойынша атқару). Еңбек мигранттарының негізгі бөлігі жөндеу жұмыстарымен немесе құрылыспен айналысады, бала күтуші, аспаз және басқа да үй жұмыстары қызметтерін ұсынады. Бюджетке 6,5 млрд теңге төленді.

«Талдау көрсеткендей, ТМД елдерінің азаматтарының заңсыз еңбекпен айналысуына көбіне Қазақстанға келудің және мұнда болудың жеңілдетілген тәртібі ықпал еткен. Олардың біздің елімізде болу кезеңіне уақыт жағынан ешқандай шектеу қойылмаған. Себебі, мерзімі өткен соң шетелдіктер бірден шығып, қайтадан Қазақстанға кірген. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді визасыз режимде келетін шетелдік азаматтар Қазақстанда жарты жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды», — деді А. Заппаров.

Сонымен қатар, көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер аясында еңбек мигранттарынан әр ай сайын 2 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейінгі мөлшерде табыс салығы бойынша алдын ала төлемдерді арттыру мәселесі талқылануда.

 

Кеңесті қорытындылаған Бердібек Сапарбаев бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, еңбек министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға шетелдіктерге рұқсат беруді бақылауды күшейту тапсырылды.

«Шетелдік жұмыс күшін тарту - өте маңызды мәселе. Біздің ең маңызды міндетіміз – ішкі еңбек нарығын қорғау. Бұл бағыттағы алғашқы қадамды біз жасадық, сөйтіп, шетелдік жұмыс күшіне квотаны 40%-ға – 29 мыңға дейін төмендеттік», — деді ол.

Вице-премьер сонымен қатар еңбек мигранттарының санының артуына назар аударды. Олардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарына тартылған. Оның пікірінше, мұндай жұмыс орындарында жергілікті кадрлар жұмыс істей алады.

«Тексерістер кезінде анықталған фактілер нақты жойылуы тиіс. Инженер болып жұмыс істеуге рұқсат алып, шын мәнісінде аспаз болып қызмет етіп жүрген мысалдар бар. Оған қоса, жалақыны инженер ретінде алады. Осындай кәсіпорындардың басшыларына қатысты қатаң шаралар қабылдау қажет. Жұмыс берушілер мынаны түсінуі керек: егер олар Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, заңдарды бұзуға жол бермеуі тиіс. Қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер үшін жалақы мөлшері де, еңбек шарттары да, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар да бірдей болуы қажет. Алалау болмауы керек», — деп түйіндеді Б. Сапарбаев.