Қазақстандағы ең ірі қаржы пирамидасы Questra World-қа қатысты іс сотқа жіберілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өткен аптада Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасы Questra World-ты құрды деп айыпталғандар ісі сотқа берілді", - деді Ораз апталық брифингіде.
Оның айтуынша, ІІМ тергеу-жедел тобы осы қаржы пирамидасының басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
"Тергеу барысында 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында Questra World қаржы пирамидасын құрып, оны қазақстандықтар да тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталды. Пирамида басшылары салынған соманың 336 пайызға дейін табыс табуға кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған", - деді Нұрділдә Ораз.