27 там, 2020 сағат 16:25

Қазақстандағы автопарктің құрылымы қандай?

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша көлік паркінің құрылымы туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әкімшілік полиция органдары мәліметінше, Қазақстанда барлық типтегі 4 млн 382 мың көлік тіркеуге енгізілген. Жеңіл әрі жеңіл коммерциялық автомобиль үлесіне 3 млн 631 мың техника тиесілі немесе 82,9 пайыз. Осыдан кейінгі орында жүк көлігі (417,6 мың; 9,5 пайыз), тіркеме және жартылай тіркемелер (206,2 мың; 4,7 пайыз), автобустар (69,9 мың; 1,6 пайыз) мен мототехника (56,5 мың; 1,3 пайыз) тұр», - делінген таратылған мәліметте. 

Жеңіл автокөлік паркінің құрылымында ескірген техниканың басым екені байқалуда. Автопарктің жартысын пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан (1,82 млн; 50 пайыз) көліктер қамтып отыр. Сонымен қатар, 11-ден 20 жылға дейінгі көлік саны 783,7 мың (21,6 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 286,1 мың (7,9 пайыз), 3-тен 7 жылға дейінгілер – 585,1 мың (16,1 пайыз), ал пайдалану мерзімі екі жылға жетпеген көлік саны 160,8 мың (4,4 пайыз) болды. 

Қазақстанда LADA брендін таңдағандар көбірек, ресейлік марканың үлесі 19,6 пайызға немесе 712,2 мың автомобильге жетті. Осыдан кейінгі орында 13,6 пайыз (493,4 мың көлік) үлеспен Toyota тұр. Сонымен қатар бұл тізімде Volkswagen (7,8%; 283,3 мың көлік), Audi (5,8%; 211,5 мың), Mercedes-Benz (4,9%; 177,2 мың), GAZ (4,2%; 153,1 мың), Mitsubishi (4,1%; 150,3 мың), Nissan (4,1%; 148,6 мың), Hyundai (3,5%; 128,6 мың) бар. 

ҚазАвтоӨнеркәсіп мәліметіне қарағанда, 2017 жылы еліміздің 1 000 тұрғынына шаққанда 211 жеңіл көлік, 2018 жылы – 207, 2019 жылы 202 көлік тиесілі болған. 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 194 автомобиль деңгейіне дейін төмендеді.