09 там, 2017 сағат 22:29

"Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасына кімдер енуі тиіс?

Елбасы мақаласынан бастау алған «100 жаңа есім» жобасы қоғам назарында. Жоба басталғанан бері түрлі пікірталастар, ойталқылар қызу жүріп жатыр.

Жаңа есімдерді анықтау жолында El.kz сайты білек сыбана іске кірісті. Порталға бас-аяғы 2 айдың ішінде мыңнан аса электронды өтініш келіп түскен.

Жақында Астана қаласында «100 жаңа есімді» анықтауға арналған оффлайн акция басталды.

Бұл науқанның басты ерекшелігі ұйымдастырушылар халық көп шоғырланатын жерлерде арнайы анкета таратады. Кез келген адам оған өзінің немесе таныстарының үлгі боларлық тарихын жаза алады. Ал жиналған ақпарат кейін El.kz сайтында жарияланады.

«Оффлайн акция тілек білдірушілер көрсеткішін одан ары артуына және «100 жаңа есімге» лайықты кейіпкерлерді табуға көмектеседі», – дейді ұйымдастырушылар.

Бұл жерде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына кімдер енуі тиіс?» деген заңды сауал туындауы мүмкін.

Бұған дейін арнайы сарапшылар бас қосып, жүз тұлғаны қандай қағидалар бойынша таңдау керегін талқыланған болатын. Елбасы мақаласында тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен замандастардың жетістіктерін әлемге таныту керектігі айтылған.

Сарапшылар: «Бұрын-соңды бұндай жоба Қазақстанда қолға алынбаған», – деді. 100 жаңа есімді таңдауда әлеуметтік, мәдени, салалық және аймақтық секілді көптеген қағида ескерілмек.

Қалай десек те, жаңа есімдер қазақ жұртына танылып қана қоймай, әлем жұртшылығын мойындатқан жаңа таланттар болады деген үміттеміз. Және де сол бір жаңа есімнің орда бұзар отыздан жалында жиырманың арасындағы жастар болғанын қалаймыз. Әйтпесе, қырқында қамал алған небір жайсаңдарымыздың бары анық. Оларды да "жаңа есім" деп жұртқа жария қыла берсек, танылмай келген жастарымыз үшін обал болары сөзсіз. Сол себепті, жаңа есімді іздеуде жастарға басымдық берген жөн.