14 қыр, 2021 сағат 12:56

Қазақстанда жылқы саны 9,6 пайызға өскен


Жыл басынан бері елдегі жылқы саны 9,6 пайызға өскен. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мал шаруашылығында мал мен құс санының өскені байқалады. Мысалы, ірі қара саны 4,8 пайыз артып, 8,8 млн басқа жетсе, қой мен ешкі - 2,6 пайызға, жылқы - 9,6 пайызға, құс - 4,4 пайызға көбейді. Сондай-ақ, ет өндіру көлемі - тірідей салмақта 6 пайызға, сүт өндіру көлемі - 3,3 пайызға өсті», - дейді министр. 

Бұл өсім өз кезегінде тамақ өнімдерінің өндірісіне де оң әсер еткен көрінеді.

«Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 4,8 пайызға өсіп, 1 трлн 421,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қант өндіру көлемі - 3 есе, өңделген күріш көлемі - 29,9 пайызға, сары майдың өндірісі 12,8 пайызға, жарманың - 12,6 пайызға, қысқы сүт өнімдерінің - 4,5 пайызға, ірімшік пен сүзбенің - 3 пайызға, ұнның - 1,5 пайызға, өңделген сүттің - 0,9 пайызға және өсімдік майының өндірісі 0,5 пайызға артқаны байқалады», - деді Ербол Қарашөкеев. 

Ведомство басшысының айтуынша, қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 43,2 пайызға ұлғайып, 427 млрд теңге болған.