11 қар, 2019 сағат 11:45

Қазақстанда жыл басынан бері 74,8 млн тонна мұнай өндірілді

2019 жылдың 10 айында Қазақстанда 74,8 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 100,3 пайызға артық, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі ең ірі үш мұнай-газ жобасы саналатын Қашағанда 11,5 млн, Теңізде 24,6 млн, ал Қашағанда 9,1 млн тонна мұнай өндірілген.

Биыл үш жобада да негізгі өндіріс толықтай тоқтатылып, күрделі жөндеу жұмыстары табысты аяқталды: Қашағанда күрделі жөндеу жұмыстары 2019 жылдың 14 сәуірінен 19 мамырға дейін жүргізіліп, мерзімінен 15 тәулікке ерте аяқталды; Теңізде 2019 жылдың 1 тамызы мен 12 қыркүйегі аралығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мерзімінен 3 күнге ерте бітті; Қарашығанақта жөндеу жұмыстары 15 қыркүйек пен 12 қазан аралығында жүргізілді.

Негізгі өндірістің тоқтатылғанына қарамастан жыл соңында өндірілуі күтілген көлем артты: Қашағанда 13,5 млн тоннадан 14,5 млн тоннаға дейін; Теңізде 29 млн тоннадан 29,6 млн тоннаға дейін; Қарашығанақта 11 млн тоннадан 11,2 млн тоннаға дейін.

Энергетика министрлігі мұнай өндіру қарқының өсімін ескере отырып, еліміздің мұнай өндіруінің жылдық болжамын 90,5 млн тоннаға дейін арттырды. Бұл 2018 жылы өндірілген мұнайдан 0,1 млн тоннаға көп.