26 қаз, 2016 сағат 11:08

Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар үшін жаңа салықтық жеңілдіктер ұсынылуда

- ҚР Ұлттық экономика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылар үшін жаңа салықтық жеңілдіктерді енгізуді ұсынды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Заң жобасымен инвестициялық қаржыландыру бойынша коммерциялық көрініс болмаған жағдайда берешекті есептен шығару кезінде корпоративті табыс салығынан босату қарастырылған. Аталған заң жобасында түзетулердің тұтас блогы жер қойнауын пайдалану мәселесіне байланысты және өндіруші, сондай-ақ ресурстарды қайта өңдеуші компаниялардың дамуына кедергі болып отырған Салық кодексіндегі шараларды жоюға бағытталған»,-деді министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен стратегиялық серіктестерді тарту жолымен жер қойнауын пайдалану жобалары іске асырылуда. Стратегиялық серіктес үшін талаптардың бірі барлау кезеңінде «ҚазМұнайГаз» АҚ шығыстары үлесін қаржыландыруға негізделген. 

Жүзеге асырылатын жоба бойынша коммерциялық өндіру болған кезде стратегиялық серіктес шығындарының үлесін қайтару іске асырылады. Коммерциялық анықтау болмаған кезде «ҚазМұнайГаз» АҚ соманы қайтаруды ескермейді. 

Осы ретте стратегиялық серіктес «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның қарызын кешіреді. Бұл жағдайда «ҚазМұнайГаз» АҚ-да берешекті есептен шығарудан кіріс пайда болады және ол Салық кодексіне сәйкес 20 пайыз мөлшерінде корпоративті табыс салығымен қамтуға жатады. 
Осы мәселені шешу мақсатында тиісті түзетулер енгізу ұсынылып отыр.