Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратындар жыл сайын көбейіп келеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жатыр мойны қатерлі ісігі 100% емделеді. Дүниежүзі бойынша алып қарасақ, жатыр мойны қатерлі ісігі ауруы азайып келеді. Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл бойы скрининг жүргізіп келе жатқанына қарамастан Қазақстанда бұл дертпен ауыратындар саны азаймай тұр, керісінше көбейіп келеді. Бір қуантатыны – аурудың алғашқы сатыда анықталу жағдайы көбейді. Әйелдердің 80%-ы бізге аурудың алғашқы сатысында келеді. Мұндай жағдайда органды сақтап қала отырып ота жасаймыз және өмірінің ұзаруына мүмкіндік туады. Әйелге ота жасаған кезде жатыр мойнын сақтап қала алсақ – арада 5 жыл өткенде бала көтеруіне рұқсат ете аламыз», - дейді Бас онколог дәрігер Диляра
Сондай-ақ, ол пандемия жатыр мойны қатерлі ісігін анықтауға қалай әсер еткенін айтты.
«Пандемия кезінде емханалардың бәрі жабық болды. Көптеген адам скринингтен өтуге бара алмады. Өткен жылдың қыркүйек айында коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталған кезде біз аймақтарды аралап, скрининг өтуге шақырдық. Қазіргі уақытта тексерілгендер қатары 70% ғана қамтылды. Емханада алдын ала жазылып, скринингтен өтулеріңізді сұраймын. Коронавирус – инфекция, біз одан қалай қорғану керек екенін білеміз, ал қатерлі ісікке қатысты жағдай басқаша. Міндетті түрде уақытылы тексеріліп отыруымыз керек», - дейді ол.