08 шіл, 2024 сағат 21:37

Қазақстанда жаңа заң қабылданды: Ойын бизнесіне шектеулер енгізілді

Сурет: Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті «Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі өзгерістер:

1. Ойынға тәуелділікті төмендету:

  • - Құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейтілді. Енді бұл тізімге Борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі адамдар (қарыздарын төлемегендер) да қосылады.
  • - Мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойындар ойнауға тыйым салынады. Тыйымды бұзғаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қолданылады.

    2. Ойын бизнесін реттеу:

    • - Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемелерінің, букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың бірыңғай ережелерін бекітеді.

    3. Жарнамаға шектеу:

    • - Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына қатаң шектеулер қойылды. Сыртқы жарнама, көлік құралдарындағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, кино және видео орындарындағы жарнамаларға тыйым салынады. Тек спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың киімінде, спорттық тақырыптағы БАҚ-та және отандық телеарналардағы халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция кезінде жарнама жасауға рұқсат етіледі.

    4. Лотерея қызметін реттеу:

    • - Лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста орнатуға тыйым салынады.

    5. Энергетикалық сусындарға шектеу:

    • - Өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау мақсатында, энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.

    Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.