26 жел, 2019 сағат 10:26

Қазақстанда зейнетақы жинағының жалпы сомасы 10,7 трлн теңгеге жетті

Қазақстанда зейнетақы жинағының жалпы сомасы 10,7 триллион теңгеге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Жеке зейнетақы шотының саны 10,6 млн асты. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы жиналған зейнетақы қаражатының жалпы сомасы жыл басынан бері 14%-ға артып, 10,7 трлн теңгені құрады.

Өсім динамикасын міндетті зейнетақы жарналары бойынша байқауға болады. Олардағы жинақтау сомасы жыл басынан бастап 14% -ға артып, 10,4 трлн теңгені немесе (97,7%) құрады.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жиналған зейнетақы қаражатының мөлшері 241,8 млрд теңгені (барлық қаражаттың 2,3%) құрады, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы қаражатының мөлшері 1,9 млрд теңгені (0,02%) құрады.

Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде ерлерде — 1,2 млн теңге, әйелдерде — 933,4 мың теңге.

1998 жылдан бастап ай сайынғы жарнасын төлеген салымшылар арасында жинақтаудың орташа мөлшері ер адамдар үшін - 5,1 млн теңге, әйелдер үшін - 3,9 млн теңге болды.

БЖЗҚ-да есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 600,5 млрд теңгені құрады.

Жинақталған зейнетақы қаражатының кірісі жыл басынан бері 6,16% -ды құрады, инфляция 4,7%. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,13%-ды құрады, инфляция - 5,4%.