29 там, 2024 сағат 13:07

Қазақстанда зейнетақы жинағындағы қаражатымен тіс емдеу ережесі өзгереді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды талқылауға шығарды.

Құжат жобасы 28 тамыз күні "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

Құжат бойынша, стоматологиялық көмек көрсету кезінде комиссия құрамына стоматолог дәрігер кіреді. Ол комиссия отырысы басталғанға дейін ұсынылған емдеу жоспарын, емдеу алдындағы және кейінгі рентген суреттерін, стоматологиялық ұйымның медициналық қызметке лицензиясын зерттеп, комиссияға қорытынды дайындайды. Комиссия өз кезегінде стоматологтың қорытындысы мен ұсынылған құжаттарды қарап шығып, 026/у нысанындағы комиссия қорытындысын береді.

Одан кейін медициналық ұйымның жауапты тұлғасы өтініш берушіге комиссияның қорытындысын табыстап, оны комиссия отырысы өткен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.


"Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі комиссия қорытындысын алғаннан кейін таңдалған медициналық ұйыммен, оның ішінде шетелдік ұйыммен де, медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасасып, шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын және комиссия қорытындысын уәкілетті оператордың интернет-ресурсындағы жеке кабинетке жүктейді.

Уәкілетті оператор, егер ұсынылған құжаттар біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану талаптарына сәйкес келсе, құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың мақсатты бағыты бойынша аударады. Стоматологиялық қызмет көрсету кезінде комиссия қорытындысын алғаннан кейін және емдеу басталғанға дейін уәкілетті оператор емдеу құнының 70% мөлшерінде аванс төлейді. Қалған 30% емдеу аяқталғаннан кейін төленеді", - делінген құжатта.


Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге мақсатты пайдалану құжаттары ретінде 026/у нысанындағы комиссия қорытындысы, медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызмет көрсету шарты немесе дәрі-дәрмектерді сатып алуға арналған сатушы мен алушы арасындағы шарт қолданылады. 

Құжат жобасы 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.