Сурет: КазТАГ
E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалым ақысына қатысты петиция қайта қаралуға қажетті қолды жинады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәдениет министрлігіне сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, ҚР ӘРПК-нің 90-4-бабына сәйкес, 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сай, келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралады.
"Петицияны қарау барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Комиссияның жұмысын ұйымдастырады, оған мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Петицияда көтерілетін мәселелер осы комиссия шеңберінде, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады", - деп түсіндірді Мәдениет министрлігі.
Айта кетейік, утильалымға қарсы петиция E-Petition.kz порталында жарияланған. Осы уақытқа дейін петицияға 50 125 адам қол қойған. Петиция авторлары 8 жыл бұрын утильалымды енгізу бәсекелестіктің жойылуына және соның салдарынан автокөліктердің, ауыл шаруашылығы техникаларының және арнайы техникалардың бағасының күрт өсуіне әкелді деп есептейді.
"Автокөлік пен механикаландыруға қатысты барлық нәрсенің бағасы өсті: жүк тасымалдау, механикаландыру және қоғамдық көлік қызметтері, азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, тұрғын үй құны және тағы басқалар қолжетімсіз бағаға байланысты Қазақстан азаматтары өздерінің жеке көліктерін жаңартуды тоқтатты, елдегі көліктер паркі қатты ескірді", - делінген петицияда.
Нәтижесінде, петиция авторларының талап ететіндері:
- - Экология министрлігіне жеңіл автомобильдерге (М1 санаты) кәдеге утильалымның мөлшерлемесін 100 мың теңгеге дейін, автокөліктің қалған санаттарына 0 теңгеге дейін төмендету туралы, Ауыл шаруашылығы техникасына утильалымның толық күшін жою туралы хаттар енгізу;
- - Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне автокөлікті бастапқы тіркегені үшін мөлшерлемелерді 0,25 АЕК-ке дейін төмендетуді енгізу.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары да көліктерді утильалым және бастапқы тіркеу бағасын төмендетуді ұсынған болатын. Олар еліміздің көлік паркінің ескіре бастағанын – басқа елдерден автокөліктерді әкелу кезіндегі жоғары кедендік баж салығы сатып алушы үшін түпкілікті бағаның өсуіне әкелетінін атап өтті.