Фото: depositphotos.com
Қазақстанда салынатын үш жаңа ЖЭО-ның алдын ала құны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Үкімет отырысында "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетаудағы ЖЭО қуаты 240 мегаватт, Семейде - 360 мегаватт, Өскеменде 360 мегаватт болатынын айтты. Жобаларды іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымдар ретінде "Самұрық-Энерго" және "ИНТЕР РАО Экспорт" бекітілген.
"Көрсетілген үш қалада жылу электр орталықтарын салу үшін субсидияланған мөлшерлеме бойынша жеңілдікті қаржыландыруды қамтамасыз ету шартымен Ресей Федерациясында өндірілген негізгі технологиялық жабдықтарды пайдалану жоспарланған", - деді Қайрат Мақсұтов.
Қазіргі уақытта Көкшетауда ЖЭО бойынша ТЭН әзірлеу аяқталды, Семейдегі ЖЭО бойынша ТЭН биыл наурызда дайын болады, ал Өскемендегі ЖЭО бойынша 2024 жылдың аяғына дейін орындай отырып, ТЭН әзірлеуге кірісуді жоспарлап отырмыз.
"Көкшетау және Семей ЖЭО бойынша EPC-келісімшартқа қол қою биыл 3-тоқсанда, Өскемен ЖЭО бойынша - 2025 жылдың 1-тоқсанында болжанады. Құрылыстың аяқталуы - 2027-2028 жылдары", - деді Мақсұтов.
Төраға ұсынған слайдтарда әрбір жылу электр орталығының алдын ала құны көрсетілген:
- Көкшетау ЖЭО – 347 миллиард теңге;
- Семей ЖЭО – 420 миллиард теңге;
- Өскемен ЖЭО – 490 миллиард.
Фото: "Самрук-Энерго"
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Мақсұтов жобалардың құны "әлі бекітілген жоқ" деп мәлімдеді.
"Нақты сомаға келетін болсақ, оны айта алмаймыз. Ол мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады. Жарияланған сома болжамды. Құны әлі бекітілген жоқ", - деді ол.