10 там, 2020 сағат 13:56

Қазақстанда үш балаға Кавасаки синдромы диагнозы қойылды

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирус инфекциясынан 114 бала ауруханада емделіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз айынан бастап балалардың коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2 257 жағдайы тіркелді. Оның ішінде қазіргі кезде Қазақстан ауруханаларында 114 бала жатыр», - деді ресми өкіл Орталық комунникациялар қызметінде. 

Белгілі болғандай, үш жеткіншекте Кавасаки синдромы анықталды. Кавасаки синдромы күретамырларға зақым келтіреді. 

«Жыл басынан бері жалпы үш жағдай тіркелді, яғни Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Петропавлда», - деді Б. Қожахметов. 

Оның сөзіне қарағанда, балалардың денсаулығы әртүрлі дәрежеде. Елордадағы баланың денсаулық жағдайы тұрақты. 

«Бұл - өте күрделі синдром. Сәйкесінше, оған ерекше мән берген жөн», - деді ресми өкіл.