30 қаз, 2024 сағат 16:57

Қазақстанда тұрғын үй қымбаттайды – сарапшы болжамы


30 қазанда «Қазақстан Республикасында техникалық тапсырысшы институтын енгізу» тақырыбында халықаралық конференция өтті.  Онда Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары техникалық тапсырысшы және өзін-өзі реттеу институттарын енгізудің артықшылықтары мен мәселелерін талқылады.

Қазақстандағы жағдайды сөз еткен «Қазақстан құрылысшылары Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Виктор Микрюков мемлекет тарапынан құрылысшылар мен  техникалық бақылау қызметіне қысым көбейгенін айтып, қынжылды.

«Құрылысшыларға да, техникалық бақылау қызметіне де қиынға соғып жатқан нәрсе ол – мемлекет тарапынан жедел әрекет ету шаралары.  Айыппұлдарды өсіру арқылы құрылыс қатысушыларының жауапкершілігін қатаңдатып жатыр. Сондай-ақ, тұрғынүй құрылысында үлескерлікке талапты қатайтып жатқанын да айта кету керек. Өкінішке қарай мемлекет бізге жобалық қаржыландыру берген жоқ, бірақ басқа жағынан қатаңдатуда. Яғни қазіргі уақытта жұмыс істеу қиынға соғып тұр. Бұдан бөлек, мемлекеттік порталдар арқылы қадағалау да артып келеді. Үкімет «құрылысшылар көбірек салық төлеуі керек» деп салықты өсіріп жатыр. Біздің азаматтарымызға берілген жеңілдіктерде олар ҚҚС-тан босатылған. Қазіргі уақытта жеңілдіктер тоқтатылып, сәйкесінше Қазақстанда тұрғынүй бағасы қымбаттайды», -деген Виктор Микрюковтың пікірінше елде жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларының көбі үкімет тарапынан болып жатқан қысымға төтеп бере алмайды.


Сарапшының болжамы бойынша алдағы 1,5-2 жылда Қазақстанда тұрғынүйдің бағасы кемінде 50 пайызға қымбаттап, құрылыс компанияларының саны 30 пайызға азаяды және құрылыс саласында жұмыс орны 15 пайызға кемімек.

«Кезінде бізде жобаларды басқару институтында техникалық бақылаудың авторлық бақылауын енгізген болатын. Ол институттардың көбі алынып тасталғанын білеміз. Ресейлік әріптесіміздің сөзінен де техникалық бақылау институттары аса қабылданбайтынын түсіндік. Бізде де техникалық бақылау мен жобаны басқаруда сондай жағдай байқалады.  Қазақстанда «казнацфинанстан» қарыз ақша алу арқылы жүзеге асатын ауқымды жобалардың еш бірінде біздің адамдар жоқ. Онда жобаларды басқару бойынша біздің азаматтар жоқ. Менің түсінігімде Республикамызға пайдасын тигізу үшін онда тек біздің ресурстар, біздің мамандар болуы тиіс», -дейді «Қазақстан құрылысшылары Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті.


Маманның сөзінше қазіргі уақытта елдегі техникалық бақылау еш қаражатсыз жұмыс істей алатынын көрсетіп отыр. Тіпті арнайы киім мен кеңсесі жоқ мекемелер бар көрінеді. 


Алайда SMART ENGINEERS холдингінің Бас директоры, «НОТЕХ» Ассоциациясының басқарма мүшесі Хусейн Плиев Қазақстан мен Ресейде құрылыс жанданатынын айтып, "Ресей сияқты Қазақстанда да үкімет инфроструктура мен өндіріске көбірек инвестиция құюды көздеп отыр" дейді. 

Ресейлік мамандар өз сөздерінде техникалық бақылау қызметінде кадр тапшылығын атап өтті. 

«Өндірістің жұмысы өзгеріп, жаңа объект салуға алғышарт пен еңбекті бөлу  өзгеріп жатыр. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі бола алады. Құрылысқа сұраныс пен маман тапшылығы негативті нәтижеге алып келуі мүмкін.

Ресейдегідей Қазақстанда да экономика бойынша мамандар тапшылығы бар. Кадр тапшылығы 100 мыңнан бірнеше млн-ға дейін жетеді деп айтады. Кадр құнының өсуі құрылыс саласында бағаның артуына алып келеді», -дейді Хусейн Плиев.


Форумда мамандар Ресейдің Техникалық тапсырысшылар Ұлттық қауымдастығы «НОТЕХ» өкілдері техникалық тапсырысшы институтын енгізу мен жұмыс істеу тәжірибесімен де бөлісті.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті техникалық тапсырысшы институтын құрылыс сапасын арттыру, жобалардың іске асырылу мерзімдерін қысқарту және тәуекелдерді минимизациялау үшін тиімді құрал ретінде қарастырады. Бұл қадам Қазақстанның құрылыс саласын модернизациялау және оны әлемдік стандарттарға интеграциялау аясындағы ауқымды бағдарламаның бір бөлігі екенін айтып отыр сарапшылар.