26 қаз, 2020 сағат 12:50

Қазақстанда «Цифрлық әлеуметтік әмиян» жобасы қалай жүзеге асырылады?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда «Цифрлық әлеуметтік әмиян» жобасы қалай жүзеге асырылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тауарларды тарату жүйесінің функционалдық мүмкіндігі - қазақстандықтардың цифрлық әлеуметтік әмияны болмақ. Оны енгізу де биылғы Жолдауда тапсырылған еді. «Цифрлық әмиянды» іске асырудың мақсаты - бір жағынан азаматтарға әлеуметтік көмекке бөлінген бюджеттік ресурстардың мақсатты пайдаланылуын, екінші жағынан, ол ресурстардың отандық өндірушілерге жасырын қолдау түрінде «қайтарылуын» қадағалау», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов. 

Министрдің айтуынша цифрлық әмиян әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алуға, бизнес іске асыратын жұмыс пен қызметке ақы төлеуге арналған. 

«Мысалы Ұлттық тауар таратушы жүйесі механизмінің мәні – сатып алушыға өнімді жедел әрі тиімді түрде жеткізу. Мұнда сатып алушының пайдасы – тауардың делдалсыз жақсы сапада келуі. Ал әлеуметтік көмек алатын азаматтар қолма-қол ақшасыз арнайы жүйе арқылы осы отандық тауарларды тікелей фермерлерге жіберу арқылы ала алады. Осылайша мүдделері тоғысқан тауар өндіруші мен тұтынушыны бір-біріне үйрете отырып, біз Ұлттық тауар таратушы жүйесі арқылы тауар-ақша айналымының шеңберін түйіндейміз», - дейді Бақыт Сұлтанов.